2026 жылғы 2 ақпан күні «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Түркістан қалалық Полиция басқармасы және Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлерінің қатысуымен студенттерге арналған түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға Түркістан қалалық Полиция басқармасының Құқық қорғау бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Құрбанәлі Рахатәлі, колледж инспекторы Мейірханов Бағдат, «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің психолог маманы Омарбек Сүлеймен, колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ш. Надирбаев, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлері, атап айтқанда бөтеннің мүлкін ұрлау, қарақшылық және алаяқтық қылмыстары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар сталкинг ұғымына ерекше тоқталып, оның адамды заңсыз аңду, жеке өміріне қол сұғу, қорқыту немесе психологиялық қысым көрсету әрекеттері екені және мұндай іс-әрекеттердің заңмен қатаң жазаланатыны атап өтілді.
Полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары, заң талаптарын сақтау қажеттілігі және құқыққа қарсы әрекеттердің салдары туралы нақты өмірлік мысалдар арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ қазіргі таңда оқу орындарында, қоғамдық және сауда-саттық нысандарында бейнебақылау камераларының орнатылғаны ескертіліп, кез келген заңсыз әрекеттің міндетті түрде жауапкершілікке әкелетіні айтылды.
Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі толық жауаптар алды.

Comments are closed