Өскелең ұрпақтың бойына сенім, талап, жігер мен жауапкершілік қалыптастыру – білім беру саласының маңызды міндеттерінің бірі. Ел Президенті жастар тәрбиесінде ұстаздардың рөліне ерекше мән берді:
«Ұлы Абай «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деп бекер айтпаған. Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр. Тағы да айтып кетейін. Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние. Біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек.
Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан, ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс.» Колледж ұжымы да білімді ғана емес, өзіне сенімді, талапты, ойы таза, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жігерлі жастарды тәрбиелеуді басты құндылықтардың бірі деп санайды. Ұстаздың берген білімі мен тәрбиесі – ел ертеңінің берік іргетасы.

Comments are closed