2026 жылғы 4 қараша күні «Заң және тәртіп» қағидасы аясында өткізілетін «Есірткісіз болашақ» нашақорлыққа қарсы форум шеңберінде, 2–12 қараша аралығында ұйымдастырылған 10 күндік профилактикалық жоспарға сәйкес оқу ордамыздың №3 жатақханасында тәрбиеші С.Абдихадированың ұйымдастыруымен полиция қызметкерлерімен кездесу өткізілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткі заттарының заңсыз айналымы мен таралуының зияны туралы түсіндіру, сондай-ақ интернет арқылы есірткі саудасына тартылудың қауіпті тұстары жөнінде ақпарат беру. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері «Интернеттегі есірткі саудасының тұзағы» тақырыбында мазмұнды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформалар арқылы есірткі заттарын заңсыз тарату әрекеттерінің белең алып отырғанын атап өтті. Әсіресе жастардың жалған жұмыс ұсыныстарына, оңай табыс табу туралы хабарландыруларға алданып, заңсыз әрекеттерге байқамай тартылып қалу қаупіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар интернет арқылы есірткі жарнамалау, тарату, сақтау және тасымалдауға қатысудың заң алдындағы жауапкершілігі түсіндірілді. Полиция қызметкерлері күмәнді сілтемелер мен белгісіз ұсыныстардан аулақ болуға, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге және құқыққа қайшы әрекеттерге кезіккен жағдайда тиісті органдарға хабарлауға кеңес берді. Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден аулақ болуға бағытталды. Іс-шара соңында қатысушыларға есірткісіз өмір – жарқын болашақтың кепілі екені айтылып, әрбір жас өз өмірі мен болашағына жауапкершілікпен қарауы қажеттігі ескертілді.
Басты мақсатымыз – есірткісіз қоғам қалыптастыру, жастардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағын қамтамасыз ету!

Comments are closed