2026 жылғы 6 қазанда колледж білім алушылары арасында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жиналыс өткізілді.
Жиынға Түркістан қалалық полиция басқармасы ҚҚБ ЮПТ УПИ полиция аға лейтенанты Қ. Сүйіндік, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш. Надирбаев, Ұлдар төрағасы М. Кенжебаев және білім алушылар қатысты.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық орындардағы тәртіп, колледждің ішкі тәртіп ережелерін сақтау, сабаққа жауапкершілікпен қатысу, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, жол және қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Полиция қызметкері Қ. Сүйіндік кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігіне тоқталып, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және күмәнді жағдайларда ата-анаға, педагогтерге немесе полиция қызметкерлеріне хабарласу қажеттігін атап өтті.
Ш. Надирбаев білім алушыларды ішкі тәртіп талаптарын сақтауға, ұстаздар мен қатарластарына құрметпен қарауға, ал М. Кенжебаев жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, өзара сыйластық пен жауапкершілікті нығайтуға шақырды.
Жиын соңында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
Іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қауіпсіз орта құруға және заң талаптарына жауапкершілікпен қарауға бағытталды.
«Құқық бұзушылыққа жол жоқ!»
«Қауіпсіздік – басты құндылық!»
«Өз құқығыңды біл және өзгенің құқығын құрметте!»

#

Comments are closed