2026 жылғы 22 қазанда «Тағам өндірісі және ветеринария» пәндік (циклдік) бірлестігінің «Еңбек пен елдік: білімді ұрпақ – жарқын болашақ» атты айлық іс-шарасы аясында арнайы пән оқытушысы С. Арихова ВЕФ-0923 тобында «Асептика және антисептика. Хирургиялық аспаптар түрлері» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Сабақтың негізгі мақсаты – білім алушыларға ветеринариялық хирургиядағы инфекциялардың пайда болу себептері мен алдын алу жолдарын түсіндіру, асептика және антисептика әдістерін меңгерту, хирургиялық аспаптардың түрлері мен қолданылу ерекшеліктері туралы кәсіби білімдерін қалыптастыру.
Сабақ барысында білім алушылар механикалық, физикалық, химиялық және биологиялық антисептика әдістерімен танысып, операциялық бөлмені дайындау, санитариялық талаптарды сақтау және хирургиялық аспаптарды қызметіне қарай ажырату мәселелерін зерделеді.
Сонымен қатар ветеринариялық тәжірибеде инфекциялық қауіптердің алдын алу, хирургиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жануарлардың денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Ашық сабақ білім алушылардың теориялық білімін болашақ кәсіби қызметімен ұштастыруға, клиникалық ойлау қабілетін дамытуға және ветеринариялық хирургия саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталды.

Comments are closed